Атырауда су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің бір тобы өтемақыны әлі күтіп жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы әлі толық төленбеген. Өтемақы алмағандардың арасында Атырау қаласының, Жылыой мен Махамбет ауданының кәсіпкерлері бар.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, Атырау облысының су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлері 423 өтінім берген.
Ал, Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жылыой ауданындағы тасқыннан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінен өтемақы алуға өтінім түсетіні күтіліп отыр.
«Қазір 5 материал сот сараптауында жатыр. Ал, 10 кәсіпкер жылжымайтын мүлікке қатысты жобалау-сметалық құжаттама бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Тағы 4 кәсіпкер бекітілген ережеге сәйкес облыстық комиссияның ескертуіне байланысты құжаттарды реттеп жатыр. Атырау қаласы мен Махамбет ауданындағы 9 кәсіпкердің өтініміне байланысты сарапшылар жылжымайтын мүлікке талдау жүргізуді қолға алды», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің мәліметіне сүйенсек, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы су тасқынынан 337 кәсіпкер зардап шеккені анықталған.
«Жылыой ауданындағы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің залал сомасын өтеуді көздейтін өңірлік комиссияның 21 отырысы өткізілді. Комиссия отырысында 302 кәсіпкердің залал сомасын өтеу туралы 345 өтінімі мақұлданды. Кейбір кәсіпкерлер 2-3 өтініммен жүгінді. Осы кезге дейін 288 өтінімге сәйкес 3 млрд теңге көлемінде залал сомасы толықтай өтелді. Енді 57 өтінім бойынша республикалық бюджеттен 1,1 млн теңге көлемінде қаржы күтіліп отыр. Өңірлік комиссияның алдағы кезекті отырысында 35 кәсіпкердің өтінімі қаралып, тиісінше шешім қабылданады», - дейді Марат Мурзиев.

Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен Нұргүл Ажаева әлі өтемақы алмаған. Ол бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевпен кездесуде мәлім етті.
«Су тасқынынан біздің кәсібіміз зардап шекті. Осы күнге дейін өтемақы ала алмай жүрмін. Жыл басында кәсібімізді жапқан едік. Ал, сәуірде жұмысымызды қайта бастадық. Сол кезде кәсіпті анамның атына тіркеген едік. Анамның атынан өтеақы алуға өтінім берілді. Бірақ, бізге өтемақыны наурыз айына дейін тіркелген бизнес өкілдері ала алады деген жауап беріліп, төлеуден бас тартылды. Су тасқыны салдарынан ғимарат бүлінді. Енді не істеуім керек?» - дейді Нұргүл Ажаева.
Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасының директры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, облыстық комиссияға қайтадан өтінім беру қажет. Өйткені, бұл кәсіпкерлік нысаны жаңадан ашылмаған. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған. Ал, облыстық комиссияның өкілдері Нұргүл Ажаеваның анасының өтінімін қайта қарауға келісімін берді.

Облыс әкімі орынбасары Марат Мурзиевтің дерегіне қарағанда, Атырау қаласы мен Махамбет ауданында жеке кәсіпкерлігі, жауапкершілігі шектелген серіктестігі бар 9 кәсіпкерге 1,2 млрд теңге көлемінде залал келген.
Сондай-ақ, өңірдегі 73 шаруа қожалығының жылжымайтын мүлкіне келген залал сомасы алдын ала есеп бойынша 2,9 млрд теңгені құрап отыр.
«Мемлекет тарапынан шағын бизнеске көмек көрсетіліп келеді. Осы тұрғыдан айтқанда, кәсіпкерлердің залал сомасын толық өтеу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте бұл мүліктің қалай бағаланатынына байланысты жүзеге асады», - деп мәлім етті Марат Мурзиев.
Атырау облысының соттарына 16 қыркүйекке дейін су тасқынынан зардап шеккендерден 133 талап арыз түскен. Оның ішінде 15 шағымданушының талабы қанағаттандырылып отыр.
Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихованың Kazinform агенттігіне ұсынған мәліметінше сүйенсек, талап арыздың 129-ы Жылыой ауданынан, ал, 4-еуі Қызылқоға ауданынан берілген.
«16 қыркүйекке дейін су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан азаматтық істер бойынша 56, әкімшілік іске қатысты 77 талап қою түсті. Шағымданушылар «Жылыой ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі мен тұрғындардың арасында жасалған келісімшартты бұзу, әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тану, зардап шеккендерге келген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның әрекетін заңсыз деп тану, қайта бағалауды міндеттеу, үйді апатты деп тану, келген зиянды өтеу, материалдық шығынды өндіру туралы талап қойды», - деді Анаргүл Салихова.
Оның дерегіне қарағанда, азаматтық істер бойынша талаптардың 55-і Жылыой аудандық сотына, 1-еуі Атырау қалалық сотына түскен. Ал, әкімшілік істерге қатысты талаптардың 75-і Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына, 2-еуі Қызылқоға аудандық сотына түскен.
«Азаматтық істер бойынша талап қоюшылардың талаптары сотпен қаралу сатысында тұр. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен 16 әкімшілік іске қатысты шешім қабылданды. Оның ішінде 15 талап қоюшының талабы қанағаттандырылды. Ал, 1 талапты қанағаттандырудан бас тартылды. Аталған сотта 6 талап тараптардың медиациялық келісімге келуіне байланысты кері қайтарылды» - деп мәлім етті Анаргүл Салихова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 2,6 млрд теңге өтемақы тағайындалғанын жазған едік.