Атырауда тікелей эфирде «террористпін» деген екі әйелге қатысты іс қозғалды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, «Мен жиырма жылдан бері террористпін. КНБ таниды мені» деген екі әйелдің әрекетіне қатысты полиция әкімшілік істер қозғады.

Атырауда тікелей эфирде «террористпін» деген екі әйелге қатысты іс қозғалды
Фото: Атырау облысы ПД

38 және 39 жастағы екі әйел Атыраудағы сауда орындарының бірінде отырып, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге кірген. Кейін бірі өзін террористпін деп таныстырып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны жақсы танитынын айтты. 

Атырау облыстық полиция департаменті бұл видеодан кейін екі әйелге қатысты ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату, сондай-ақ қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша үш әкімшілік іс қозғады. Іс материалдары сотқа жолданды.

Сонымен қатар әйелдермен теолог сөйлесіп, профлиактикалық іс-шара жүргізген.

— Кездесу барысында оларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді. Әлеуметтік желілер — заң талаптары қолданылмайтын орта емес. Тікелей эфир кезінде де жасалған кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында тиісті баға беріліп, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп мәлімдеді Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырауда кәмелетке толмаған қызының әлеуметтік желідегі әрекеті үшін анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.