Атырауда туды қорлағандардың артында тұрғандарды жазалау керек — Бапи

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловтың атына Атырауда арабша жазуы бар Қазақстан туымен суретке түскен азаматтарды арандатқандарды жазаға тартуды сұрап, сауал жолдады.

Атырауда өзге тілде жазылған жазуы бар мемлекеттік тумен фотоға түскендер ұсталды
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

— Жуырда ғана Атырауда болған оғаш оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, азаматтардың ашу-ызасын тудырып отыр. Бет-аузын тұмшалап, қара жамылған төрт әйел мұз айдынында өткен жарыс кезінде Мемлекеттік туды ұстап түскен сурет әлеуметтік желілерге кеңінен тарап кетті. Олардың қолындағы мемлекеттік тудың бетіне араб жазуы мен араби қылыштың сұлба-суреті салынған. Мұнда біздің назарымызды аударған — көк тудағы араб қарпіндегі жазудың өте сапалы түрде, арнайы баспа құралымен таңбалануы. Демек, бұл — жай ғана тұрмыстық бұзақылық, әдепсіз шектен шығушылық қана емес. Бұл — біздің қоғамымызға, мемлекеттігімізге, ұлттық дәстүріміз бен бірегейлігімізге жасалған ашық және нақақ қарсылық, — дейді депутат.

Оның пайымдауынша, Мемлекеттік туды қорлау — бүкіл халықты, тұтас мемлекетті қорлау.

— Елдің туын бүлдіру арқылы жат пиғылды дәріптемек болған бұл төрт қыз әлдебір арандатушы топтың құрбаны болуы мүмкін. Олар жастық алаңғасарлықпен, әлде материалдық қызығушылықпен немесе діни сауатсыздықпен жасаған бұл өрескел заң бұзушылықтың тасасында тұрған әлдебір кереғар күштер бар сияқты. Міне, әкімшілік тұрғыдағы жазасын алған төрт қыздан бұрын, осы қылмысты әрекетті ұйымдастырушылар жазаға тартылуы тиіс, — деді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ, ол мұндай стандартқа сай емес ту Wildberries Russ маркетплейсінде 5000 мың теңгеден сатылып жатқанын айтты. 

Ермұрат Бапи құқық қорғау органдарын осы оқиғаны жіті тексеріп, арандатушылыққа алданған төрт әйелдің артында тұрған күштерді, жалған туды дайындаушыларды, оны таратушыларды анықтап, мұндай қастандықтың жолын кесу үшін, ұйымдастырушыларға қатаң жаза қолдануға шақырды.

— Бекітілген стандартқа сәйкес келмейтін, ресми сипаты бұрмаланған мемлекеттік рәмізді сатуға шығарған сауда орындарының басшылығын жауапқа тарту керек. Сатылып кеткен туларды жинап алып, жою қажет, — деді депутат.

Бұған дейін мемлекеттік туды қорлаған атыраулықтың бірі 15 тәулікке қамауға алынғанын жазған едік. 

Кейін мемлекеттік Туды қорлаған тағы бір жасөспірімнің ісі қаралды. 

Соңғы жаңалықтар