Атырауда түрмеге дрон арқылы телефон жеткізбек болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы ерлер колониясына дрон арқылы ұялы телефон кіргізбек болған. Мекеме қызметкерлері үш телефон салынған түйіншекті тәркіледі.

Атырауда түрмеге дрон арқылы телефон жеткізбек болған
Фото: ІІМ

Оқиға 8 қыркүйекке қараған түні шамамен сағат 01:15–те болған. № 15 мекеме қызметкерлері колония аумағынан шамамен 1,5 шақырым қашықтықта дрон арқылы белгісіз түйіншектерді жеткізу әрекетін анықтаған. Тексеру барысында картонға оралып, сыртынан скотчпен бекітілген үш түйіншек табылды. Оларды ашу кезінде ішінен үш ұялы телефон шыққан.

— Аталған дерек бойынша Атырау қаласы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазіргі уақытта қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады, — деп хабарлады Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.

Бұған дейін Павлодар түрмесінде шай арасына жасырылған ұялы телефон табылғанын жазған едік.