Атырауда тұтынушыларға бірнеше күн қатарынан ыстық су беру уақытша тоқтатылады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 17-19 сәуір аралығында ыстық беру уақытша тоқтатылатын болды.

Атырау облысы энергетикалық кешенінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Атырау жылу жүйелері» АҚ аталған күндері магистралды және жылу тарату желілерінде гидравликалық сынақ жүргізуді жоспарлап отыр.
– Бұл күндері тұтынушыларға ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Осыған байланысты қауіпсіздікті сақтауға шақырамыз. Жазатайым оқиғалардың салдарынан болуы ықтимал механикалық жарақаттардың алдын алу үшін сынақ өткізілетін кезеңде жылу құбырларына 10 метрден кем қашықтықта жақындамау қажет. Тұрғындардан қауіпті аумақта балаларды, үй жануарларын, автокөлікті және басқа да жеке заттарды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Құбырдың жарылғанын, судың ағып жатқанын байқасаңыз, дереу хабарлаған жөн, - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 8-9 сәуірде жылу желілерінде температура параметрі көтерілетінін хабарлаған болатынбыз.