Атырауда үш жігіттен шолақ мылтық пен тапанша, түрлі калибрлі оқ-дәрі тәркіленді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау полицейлері атыс қаруын заңсыз сақтаған үш жігітті ұстады. Олардан шолақ мылтық пен тапанша, оқ-дәрі тәркіленді. Бірінің көлігінен тапанша табылған.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаруды заңсыз сақтау дерегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде анықталған.
«Полиция қызметкерлері 19 жастағы жігіттің тұрғылықты мекен-жайын тексеру барысында «БМ» маркалы 16 калибрлі және «ИЖ-58» маркалы 12 калибрлі қосауызды шолақ мылтықты, 5,6 калибрлі 35 дана және 12 калибрлі 23 дана патрондарды, 12 калибрлі 8дана, 9 мм 1 дана гильзаны тәркіледі. Ал, Құлсары қаласында 29 жастағы тұрғыннан «БМ» маркалы қоңыр түсті ұңғысы кесілген шолақ мылтық табылды. Lada Priora автокөлігін тоқтатып, 21 жастағы жүргізушіден Retay маркалы тапаншасы табылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір полиция қызметкерлері аталған деректерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда да мектептерге шабуыл жасалатын туралы жалған ақпарат тарағанын хабарлаған болатынбыз.