Атырауда заңсыз балық аулағандарға 40 млн теңгеден астам айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері заңсыз балық аулауға қатысты 2433 құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 8 тоннаға жуық балық тәркіленген. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мәлімдеді.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Инспекцияның ақпаратына сүйенсек, биыл 10 айда анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 170 материал сотқа жолданған. Сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлескен рейдтер барысында 130-ға жуық заң бұзушылықтың жолы кесілген.

Балық қорғау заңнамасын бұзғандарға жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бұдан бөлек, 3 314 балық аулау құралы, 5 автокөлік және 171 жүзу құралы тәркіленген.

– Өзен арналары мен теңіз акваториясында браконьерлік ау-құралдарын анықтап, су айдындарын тазарту үшін күн сайын аралау жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы негізгі су айдындарынан бөлініп қалған, балықтардың қырылу қаупі бар көлшіктерден шабақтар құтқарылып жатыр.Бүгінге дейін 46 млн 400 мыңнан астам шабақ құтқарылды, – деді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстембек Қорқытов.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың басынан бері су айдындарында балық аулау кезінде жеті адам қаза болғанын жазған едік.