Атырауда зардап шеккен үлескердің пайдасына жер телімдері қайтарылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда тұрғын үй-құрылыс коопертивтері құрылтайшыларының заңсыз әрекетінен зардап шеккен үлескерлерге жер телімдері қайтарылады. Қазір осыған байланысты азаматтық істер қаралып жатыр.

Атырау қалалық прокуратурасының ақпаратына сүйенсек, «Атамекен тұрғын үй», «Family town», «Baisanat Residence» және «Saraishyq Invest Group» тұрғын үй-құрылыс коопертивтері құрылтайшылары қылмыстық жауапқа тартылып, 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылған.
— Қалалық прокуратураның бастамасымен пайшыларға құқықтық көмек көрсету, тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау мақсатында Атырау қалалық әкімдігі мен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандарынан жұмыс тобы құрылды. Топтың негізгі міндеті — пайшыларға тұрғын үй-құрылыс коопертивтері құрылтайшылары заңсыз иемденген мүлікті қайтаруды қамтамасыз ету. Аталған жұмыс аясында прокуратура «Baisanat Residence» ТҚК құрылтайшыларының бірінің жақын туыстарына заңсыз рәсімделген 1 гектар жер учаскесін өз еркімен қайтаруына қол жеткізді, — деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Қазір сотта қалған жер учаскелерін үлескерлердің пайдасына қайтаруға қатысты азаматтық істердің қаралып жатыр. Аталған мәселе түпкілікті шешімін тапқанға дейін қалалық прокуратураның бақылауында болады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау прокуратурасы қайырымдылық мекемесінің жасөспірімдерге діни араздықты насихаттағанын анықтаған еді.