Атырауда жарылған электр бағаналарын ауыстыру жұмысы созылып кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Махамбет ауданында электр желілері тартылған бетон бағаналардың сапасына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.
2021 жылы «Лайгэ» ЖШС орнатқан 326 темірбетон тіректен жарық анықталып, мердігер сот шешімімен оларды ауыстыруға міндеттелген. Алайда компания сот шешімін бір жылдан астам уақыт ерікті түрде орындамаған. Ал аудан әкімдігі өз қарамағындағы тағы 200 бетон бағананы ауыстыруға бюджеттен 9,2 млн теңге бөлген.
Махамбет ауылындағы электр бағаналарының бірқатарында жарық 2023 жылдан бастап байқала бастаған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2021 жылы ауылда «Лайгэ» ЖШС 300-ден астам бетон бағана орнатқан. Бұл жұмыс Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы негізінде істелген.
Ақау анықталғаннан кейін мердігердің кепілдік міндеттемелерін орындау мәселесі сотта қаралған. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты өткен жылы тамызда «Лайгэ» ЖШС-не жарамсыз тіректерді ауыстыруды міндеттеді. Қазанда сот шешімі заңды күшіне енген. Ал апелляциялық сатыдағы сот 24 желтоқсанда оны өзгеріссіз қалдырған.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, сот шешімі 2024 жылғы 29 тамыздағы ақаулық актісінде көрсетілген тіректерге қатысты. Құжат бойынша Сарытоғай, Махамбет-1 («Самал», «Жасыл белдеу») және Махамбет-2 («Наркескен») елді мекендеріндегі 0,4/10 кВ желілерге орнатылған 326 темірбетон бағананы сапалы тіректерге ауыстыру қажет.
— Алайда «Лайгэ» ЖШС сот шешімін ерікті түрде орындамағандықтан, оны мәжбүрлеп орындату мақсатында атқарушылық құжат 2026 жылғы қыркүйек айында жеке сот орындаушысына жолданды. Қазіргі уақытта сот шешімінің орындалуы жеке сот орындаушысының өндірісінде. «Лайгэ» ЖШС бүгінгі күні тіректерді ауыстыруды бастады, 2026 жылғы қараша айының соңына дейін толық аяқтайды деп күтілуде, — деп мәлімдеді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы.
Бүгінде «Лайгэ» ЖШС 326 бағананың 100-ін ауыстырған. Алайда мәселе мұнымен шектелмейді. Аудан әкімдігінің қарамағындағы электр желілері мен көше жарығы бағаналарына жүргізілген зерделеу кезінде техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз тағы 200 тірек анықталған. Оларды ауыстыруға жергілікті бюджеттен 9 млн 280 мың теңге бөлінген. Бұл жұмысты аудан әкімдігінің тапсырысымен «URKEN Group» ЖШС істеп жатыр.
— Мердігер ұйым жұмысқа 2026 жылдың 5 қазанында кірісті. Бүгінде 100-ден астам бетон бағана ауыстырылды. Қалған бағаналарды ауыстыру жұмыстары белгіленген тәртіппен жалғасуда. Аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп хабарлады Махамбет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл жерде екі бөлек мәселені ажыратып алған жөн. Аудан әкімдігі ауыстырып жатқан 200 бағана мен «Лайгэ» ЖШС сот шешімі бойынша алмастыруға міндеттелген 326 тіректің бір-біріне қатысы жоқ екенін нақтылады.
Бұған дейін Олжас Бектенов Қазақстанның электр энергетикасы жобаларын қарағанын жазған едік.