Атырауда жасөспірімдер түнгі мезгілде ойын клубтарында жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жасөспірімдердің түнгі мезгілде ойын клубтарында жүргені анықталған.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері жасөспірімдердің тарапынан 5 584 құқық бұзушылық тіркелген.
«Оның ішінде 5 130 құқық бұзушылық түнгі мезгілде жасалған. Бұған жасөспірімдердің түнгі 23:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүргені себеп болады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жасөсіпірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтті. Әсіресе, білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмысын жүргізіп, түнгі мезгілде қоғамдық орындарды тексеруді қолға алды. Мәселен, Атырау қаласындағы компьютерлік ойын клубтарын тексеру кезінде 5 жасөспірім анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналарына, түнгі уақытта жаспірімдерге қызмет көрсеткен кәсіпкерлік нысан жауапкершілікке тартылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігімен 273 дерек тіркелген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері қылмыс жасаған 31 жасөспірім анықталғанын хабарлаған едік.