Атырауда Жайық өзені үстіндегі 6 көпірдің бірі жабылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында Жайық өзенінің үстінен салынған 6 көпір бар. Бүгін көпірдің бірі уақытша жабылды.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұған жол жөндеу себеп болған.
«Атырау қаласындағы «Тұрғын үй қалашығы» мен «Авангард» шағынаудандары аралығын жалғайтын көпірдің бір жақ бөлігі 29 ақпанда сағат 15:00-ден 5 наурызға дейін жабылатынын хабарлаймыз. Осы күндері көпір үстінде ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу қарастырылып отыр. Көлік қозғалысын тоқтатпау үшін бір бағыттағы жолақпен жүру қарастырылғанын қаперіңізге саламыз», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда сорғы стансасындағы апаттан бір шағын аудан тұрғындары 3 күннен бері сусыз отырғанын хабарлаған болатынбыз.