Атырауда Жайық өзенінің жағалауынан 160 тонна топырақ салынған қап жиналды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Сенбілікке қатысқан атыраулықтар Жайық өзенінің жағалауынан 160 тонна топырақ салынған қапшықтарды жинады.

Жайықтың жағасы
Фото: Видеодан алынған кадр

Атырау облысының жедел штабының мәліметінше, 7 сәуірде жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдай әлі сақталып отыр. 

Ал, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Жайық өзенінің жағалауына төселген құм толтырылған қапшықтарды бір аптада жинау көзделген. 

«Қазір өзен жағалауы 16 учаскеге бөлінді. Әр учаскеге жауапты мамандар мен мекемелер бекітілді. Бұл тәжірибе тиімділігін көрсетті. Енді уақытты тиімді пайдаланып, жағалаудағы қаптарды алып, аумақты тазалауымыз қажет. Жұмыс бір апта ішінде аяқталуға тиіс», - дейді Жасұлан Бисембиев.

Мәселен, «Атырау Жарық» АҚ-дан сенбілікке 160 адам қатысты. Компания 3 экскаватор, 2 КамАЗ, 1 жүк көлігін бөлген. 

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар Жайық өзенінің жағалауынан 160 тонна топырақ толтырылған қапшықтарды жинады. Инертті материал құмды карьерлерге қайта төгілді.

«Таза Қазақстан» акциясы Атырау облысының бес ауданында да өтті. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Жайық өзенінің жағалауынан құм толтырылған қапшықтар алынып жатқанын хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар