Атырауда жеке тұрғын үй өртеніп, түтінге тұншыққан 3 адам құтқарылды

өрт
Фото: pixabay.com

Атырау қаласының іргесінде орналасқан Жұмыскер кентіндегі жеке тұрғын үйді өрт шалды. Өрт сөндірушілер жалын шарпыған үйден түтінге тұншыққан 3 адамды алып шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, өрт туралы хабар 17 желтоқсанда түнгі сағат 22:38-де берілген.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, аумағы 15х6 метр болатын тұрғын үйде тұрмыстық заттар мен жиһаздардың жанып жатқанын анықтады. Жалынның салдарынан 10 шаршы метрлік бөлме отқа оранған. Тұрғын үйдің ішінен түтінге уланған 3 тұрғын құтқарылды. Зардап шеккендер – 1973, 1978 және 1982 жылғы тұрғындар. Құтқарушылар уланған тұрғындарға тыныс алу жолдарын қорғау аппаратын қосып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. «Апаттар медицинасы» орталығының қызметкерлері құтқарылған зардап шеккендерді Атырау облыстық ауруханасына жеткізді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жеке тұрғын үйді шарпыған өрт түнгі сағат 23:06-де толық сөндірілді. Өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің №4 өрт сөндіру бөлімінен 11 қызметкер мен 3 арнайы техника, «Апаттар медицинасы» орталығының қызметкерлері тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 7 баласы бар отбасы тұратын үй толығымен өртеніп кеткенін жазған едік.

Кейін Атырауда мұнай қалдығы бар теміржол цистернасы жарылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram