Атырауда жыл басынан бері 24 жасөспірім жүкті болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Атырау қаласында 24 жасөспірім қыздың жүкті болғаны анықталды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған 11 қызға қатысты зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген.

жүктілік
Фото: Canva

Атырау қалалық прокуратурасының мәліметінше, былтыр қалада 31 жасөспірім қыз жүктілік бойынша есепке алынған. Сондай-ақ 18 кәмелетке толмаған қызға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс тіркелген.

Мамандардың айтуынша, ерте жүктілік жасөспірімнің денсаулығына ғана емес, оның психологиялық жағдайына және болашақ өміріне де әсер етеді.
Дәрігерлер жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің медициналық тұрғыдан күрделі екенін атап өтті. Ағзасы толық қалыптасып үлгермеген қыздарда жүктілік кезінде түрлі асқыну қаупі жоғары болуы мүмкін.

Акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызының айтуынша, ерте жастағы жүктілік кезінде ағзаға түсетін салмақ артады. Бұл жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесіне әсер етіп, психологиялық қысым туындатуы мүмкін. Сонымен қатар мерзімінен бұрын босану, қан кету және басқа да асқынулар қаупі бар.

Прокуратура мәліметінше, бүгінде «Ана мен бала» үйінде бір жасөспірім сәбиімен бірге тұрып жатыр.

Бұған дейін Ақтауда жалған жүктілік анықтамасын ұсынған әйел 15 тәулікке қамалғанын жазған едік.