Атырауда жыл басынан бері 9 бала терезеден құлап, 2-еуі көз жұмған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында жыл басынан бері 9 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлағаны тіркелген. Ал 2 бала көз жұмғаны анықталған.

Шымкентте 4 жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті
Фото: pexels.com

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, соңғы екі жылда 1-6 жас аралығындағы балалардың терезеден құлауы жиілеген. Балалардың өміріне қауіп қөпқабатты тұрғын үйлердің ашық қалған терезесінен төніп отыр.

«Адам өмірінің жалғасы – жас ұрпақ. Алайда, балалардың қауіпсіздігіне мән бермей отырмыз. Мәселен, былтыр Атырау қаласында тұрғын үйлердің ашық тұрған терезесінен 8 баланың құлағаны анықталды. Соның салдарынан 3 бала мерт болды. Ал, биыл жыл басынан бері 9 баланың терезеден құлау дерегі тіркелді. Екі бала қайтыс болды. Мұндай оқиғаға 2-ден 7 жасқа дейінгі балалар жиі ұшырайды. Бұған басты себеп – осы жастағы балалардың ашық терезе алдында қараусыз қалуы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек соңғы жеті жылда осындай оқиғалардың саны артқан. Баланың өлімі – үлкен қасірет. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алуға алдымен әр отбасының, әр ата-ананың жауап береді. Бірақ, бұл тек отбасылардың міндеті деп қарамау қажет. Жазатайым оқиғаны болдырмаудың жолын талқылауымыз керек», - дейді Шәкір Кейкин.

Шаһар әкімінің пікірінше, ПИК төрағалары тұрғындарға терезе қоршаулары мен бекіткіш (фиксатор) үлгілерімен таныстырып, қауіпсіздік туралы ақпарат беруі қажет. Көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс есігіне ескерту қағазы ілінуі тиіс.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көпқабатты үйдің терезесінен құлаған 3 жасар сәбидің жағдайы ауыр екенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар