Атырауда жыл басынан бері тұрғын үйдегі өрттен 12 адам көз жұмған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері тұрғын үй секторында 122 өрт тіркелген. Соның салдарынан 12 адам көз жұмды.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Берденовтің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 260-тан астам өрт болған. Бұл көрсеткіш былтырғы көрсеткіштен 13 пайызға көп.
– Өрттің негізгі тұтану себебі электр жабдықтарын монтаждау, техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, пештерді орнату мен пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындап отыр. Мәселен, тұрғын үй секторында 122 өрт тіркелді. Тұрғын үйлерді шарпыған жалынның салдарынан 12 адам көз жұмды, - деп хабарлады Дәурен Берденов.
Оның дерегіне қарағанда, 1 қазан мен 3 желтоқсан аралығында тұрғын үй секторында 22 өрт оқиғасы тіркелген. Екі айда өрттен 2 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алған.
– Жылыту маусымы басталғаннан бері тіркелген өрт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт дерегі 50 пайызға өсті. Өрттің алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы орган мен полицияның, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның қызметкерлері және еріктілермен бірге жеке сектордағы 17 221 үйдің тұрғындарына қауіпсіздің ережесі түсіндірілді. Бұл үйлерде 30 мыңнан астам адам тұрады, - деді Дәурен Берденов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында тұрғын үйдегі өрттен анасы мен ұлы көз жұмғанын хабарлаған едік.