Атыраудағы 4 мектептің асханасында құжаты жоқ еттен ас әзірленген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы 4 мектептің асханасында оқушыларға құжаты жоқ еттен пісірілген тағамдар беріліп келген. Бұл дерек сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер жасаған мониторинг кезінде анықталды. 

мектеп
Фото: Pexels

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мониторинг №3, 16, 33 және 35-мектептің асханасына жүргізілген. Оған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы сарапшылар тартылған.

«Алдымен тұрғындардың әлеуметтік желіде жарияланған шағымдары зерттелді. Содан соң мектеп асханаларында тегін тамақтануды қамтамасыз ету және ұйымдастыруға байланысты №3, 16, 33 және 35 мектептің асханасына мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысымен бірнеше жайт анықталды. Атап айтқанда, ет өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын, оның ішінде техникалық регламенттерде көзделген сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттар болмай шықты. Нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік құжаттары өндірушінің қолымен және мөрімен расталмаған. Асханаларда желдету жүйесін тазартуға және дезинфекциялауға шарт жасалмаған. Тамақ пісіруге эмалі зақымдалған лас ыдыстарды қолдануға рұқсат етілген. Шикі және дайын ет бір тоңазытқышта сақталған. Тамақ пісіру процесін өндірістік бақылау бағдарламасы әзірленбеген», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған мектептердің асханасында Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы №16 бұйрығымен бекітілген «Тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы», «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестік сертификаты мен сәйкестік туралы декларацияның бірыңғай нысандары және оларды ресімдеу қағидалары туралы» қағидалары, Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №95 бұйрығымен бекітілген «Желдету және ауаны баптау жүйелерін дезинфекциялауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы» қағидалары бұзылған.

«Асхана қызметкерлері тағамдарды ұсыну және нан өнімдерін сату кезінде граммдарды сақтамайды. Мысалы, мәзірдің калькуляциясына сәйкес 60 грамм көмеш беріледі. Бірақ қызметкерлер оны көзбен өлшеп бөліп, таратады. Өнімді өлшеу кезінде көмештің салмағы 48-ден 62 граммға дейін өзгеретіні анықталды. Нан өнімдерін таратқанда да дәл осындай жағдай байқалды. Кондитерлік және нан өнімдерінің бағасы облыстың барлық мектебінде бірдей, бірақ салмағы әртүрлі. Мәселен, №33 мектепте 130 грамм пицца 250 теңге тұрады. Ал, №35 мектепте бұл сомаға тек 100 грамм пицца сатып алуға болады», -деп мәлім етті баспасөз қызметі.

Мониторинг нәтижесімен тиісті органдарға анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар жолданды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 13 жастағы жасөспірімге қатарласы әлімжеттік жасап, полиция тергеуді бастағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар