Атыраудағы әскери мектепте екі отбасының егіз ұлдары оқып жүр

әскер
Фото: Атырау облысының білім басқармасы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы «Сармат» мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернатында екі отбасының егіз ұлдары оқып жүр. 

Атырау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, былтырғы қыркүйекте ашылған «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 130 оқушы білім алып жүр.

мектеп
Фото: Атырау облысының білім басқармасы

«Бұл – еліміздің батыс аймағында ашылған алғашқы әскери бағыттағы мектеп. Мұнда тек ұлдар оқиды. Білім ордасында жаратылыстану, математика бағытындағы пәндер тереңдетіп оқытылады. Қазір әскери мектепте тек Атырау облысының ғана емес, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының балалары оқып жүр. Оқушылар жатаханамен, арнайы киіммен, тегін тамақпен қамтылған», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

мектеп
Фото: Атырау облысының білім басқармасы

Оқушылардың арасында екі отбасының егіз ұлы бар. Соның бірі – Азамат пен Азат Бористер. Олардың әкесі Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылына қатысқан. 

«Біз болашағымызды әскери саламен байланыстыруды көздедік. Сол мақсатымызға жету үшін «Сармат» мектебінде оқып жүрміз. Мен болашақта еліміздің шекарасын қорғайтын сардар болғым келеді. Сыңарым – Азат құтқарушы мамандығын қалап жүр», - дейді егіздің сыңары Азамат Борис.

Екінші егіз – Наурызбек пен Амангелді Мейрамбек. Екеуі де спортпен айналысады. Олар спорттың джиу-джитсу түрінен чемпион атанған.

«Біз кішкентай кезімізден әскери қызметкер болуды армандадық. Атырауда осы мектеп ашылғанда, қабылдау емтиханынан сүрінбей өткенімізге қуандық. Мен полицей болсам деймін. Ал, Амангелді өрт сөндіруші болғысы келеді», - дейді Наурызбек Амангелді.

Еске сала кетелік, Маңғыстауда әскери борышын өтеп жүрген атыраулық сарбаз ауылына бөгет салуға келгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар