Атыраудағы газ-химия кешенінде полипропиленнің жаңа түрі шығарыла бастады

Былтыр Атырау облысында жылына 500 тонна полипропилен шығаратын газ-химия кешені іске қосылған еді. Жақында мұнда полипропиленнің жаңа түрі шығарылды, деп хабарлайды Kazinform.

полипропилен
Фото: КРІ компаниясының баспасөз қызметі

KPI компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, кешенде полипропиленнің PP H350 FF/7 деп аталатын жаңа түрі (PP) сәтті өндірлген. Полимер нарығында бұл маркаға сұраныс өте жоғары.

«PP H350 FF/7 сорты – тоқыма емес материалдарды, оның ішінде спинбонды және талшықтарды өндіру үшін қажетті шикізат. Бұл материалды пайдалану ауыл шаруашылығы, медицина, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, сүзгі және жарнама өндірісі секілді салаларда кеңінен таралған. Одан ауыл шаруашылығына жабын маталар, агротекстильдер, жылыжай жабдықтарын шығаруға болады. Медицинаға қажетті бір реттік киімдерді, хирургиялық жиынтықтарды, майлықтар өндіріледі. Ал, құрылыста гидрооқшаулағыш мембраналар, геотекстильдер және геогридтерді шығару үшін қолданылады», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, полипропиленнің PP H350 FF/7 маркалы түрін жиһаз, ортопедиялық матрацтар, қаптамалар, автомобиль бен шаңсорғышұа арналған сүзгілер, респираторлар, сөмкелер, қаптамалар шығаруға шикізат ретінде пайдаланады.

«Бұл – әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайтын, әрі Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге септігі тиетін полипропилен шығаратын алғашқы кешен. Мұнда американдық Lummus Technology Inc компаниясының Catofin және Novolen технологиялары орнатылған. Осыған ұқсас кешендер әлемнің Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай ескілді бес елінде ғана бар», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы газ-химия кешені ақаулар жойылған соң қайта іске қосылған еді.