Атыраудағы қанды оқиға: Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ
АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне қатысты Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі, марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның тарапынан адам өлтіру бойынша құқықбұзушылық анықталмаған.
— Өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, қылмысты хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Ол бойынша құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиеваның күдікті ретінде ісі сараланбады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, — деді Жандар Болатбек.
Прокурордың айтуынша, Алматыда оның психикалық жағдайына байланысты сараптама жүргізілді. Дегенмен қорытынды әлі прокурорларға жетпеген.
— Сараптама қорытындысы дайын болды деген ақпар бар. Бірақ біз алған жоқпыз. Қорытынды бізге келеді, зерделенеді. Тағы да қосымша сараптама қажеттілігі туындаса қосымша сараптама тағайындалады, -деп толықтырды облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
Яғни, оның іс-әрекетіне психикалық жай-күйі толықтай белгілі болғаннан кейін баға берілмек.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдан Атырауға кері келіп, облыстық психикалық орталықта жатыр.
4 адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00–ге жоспарланып отыр. Іс ашық форматта қаралады.
Өткен аптада Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған еді.
Еске салайық, күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 бөлігінің 1 тармағына сәйкес, яғни екі және одан да көп адамның өлімі, мал сату, карталарды жымқыру сынды деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 190 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Бұған дейін сот медициналық сараптамасы мен тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.