Атыраудағы кептелісті азайтатын жобаны аяқтау мерзімі тағы бір жылға ұзарды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау қаласындағы солтүстік айналма жолдың екі учаскесін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ардақ Қайреденов мәлімдеді.

Атыраудағы кептелісті азайтатын жобаны аяқтау мерзімі тағы бір жылға ұзарды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Оның айтуынша, жыл соңына дейін «Атырау — Доссор» автожолынан Жайық өзеніне дейінгі 11 шақырым жол бөлігі, сондай-ақ «Атырау — Астрахань» және «Атырау — Орал» бағыттары тоғысатын қиылыс іске қосылады. Ал Жайық өзені арқылы өтетін көпір мен оған апаратын кірме жолдардың құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Жолдың ұзындығы 27,5 шақырымды құрайды. Жоспар бойынша бұл жұмыс алғашында 2024 жылы аяқталуы тиіс еді. 2025 жылы көпірлердің жобасына өзгертулер енуіне байланысты 2026 жылға шегерілді.

Жоба қаланың көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, ол қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетіп, жол кептелісін азайтуға, транзиттік көліктер ағынын қысқартуға және экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. 

Атыраудағы кептелісті азайтатын жобаны аяқтау мерзімі тағы бір жылға ұзарды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

— Бұл жол құрылысы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — «Атырау — Доссор» тасжолынан Жайық өзеніне дейінгі бағыт, екінші кезең — «Атырау — Астрахань» және «Атырау — Орал» жолдарының қиылысы, үшінші кезең — Жайық үстіндегі көпір мен оған кірме жолдар. 2026 жылы алғашқы екі кезеңді толық аяқтауды көздеп отырмыз, — деді Ардақ Қайреденов. 

Сонымен қатар, филиал директоры жол құрылысына пайдаланылатын материалдар қатаң бақылаудан өтетінін атап өтті. 

Оның сөзінше, материалдар жеткізілген сәттен бастап тексеріліп, жол салу аяқталғаннан кейін де сапасы қайта қаралады. Атқарылған жұмыстарға екі жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған.

Бүгінде жол негізінің төменгі қабатын төсеу бойынша 12,15 шақырым жұмыс атқарылып, қалған 14,85 шақырым алдағы кезеңге жоспарланған. Жоғарғы қабатын салу жұмыстары да ішінара жүргізілген. Бұл бағытта 27 шақырымның 9,87 шақырымы аяқталып, 17,13 шақырымы қалды. Бүгінгі күнге дейін асфальт-бетон жамылғысының жоғарғы және төменгі қабаттарын төсеу жұмыстары әлі басталмаған.

Еске салсақ, солтүстік айналма жолдың құрылысы 2023 жылдың шілде айында басталған. Бұл жобаға Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан 28 млрд теңге бөлінген. Жоба шеңберінде Жайық және Қараөзек өзендері арқылы көпір салу, сондай-ақ «Атырау — Астрахань», «Атырау — Ақтөбе» және «Атырау — Индербор» тасжолдары қиылыстарында жол өткелдерін тұрғызу жоспарланған.

Еске салайық, осыған дейін Шымкентте сапасыз салынған 170 млн теңгенің жол жабыны қайта төселгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар