Атыраудағы Құрылыс ауылының тұрғындары 5 жыл бұрын ішімдіктен бас тартқан
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құрылыс ауылындағы дүкендерде 5 жылдан бері алкогольдік ішімдік сатылмайды. Бұл – тұрғындардың бастамасымен қолға алынған іс.

Құрылыс ауылы Индер ауданынан Атырау қаласына қатынайтын жолдың бойында орналасқан. Ауылдың учаскелік инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, мұнда 113 үй бар, тұрғындар саны — 700 адам.
— Ауыл тұрғындары соңғы 5 жылдан бері алкогольдік ішімдіктерден бас тартты. Содан бері тұрғындардың бастамасымен дүкендерде ішімдік сатуға тыйым салынды. Саламатты өмір салтын ұстану бағытындағы бұл қадамның нәтижесінде мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мен бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ, — дейді Исатай Жасталапұлы.
Инспектордың айтуына қарағанда, ішімдіктен бас тарту ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай ықпал еткен. Ауылда қауіпсіздік деңгейі артып отыр.
— Ересектер де, жастар да алкогольдік ішімдік өнімдерін тұтынбайды. Сол себептен, құқық бұзушылықтың тіркелмеуіне ықпал етеді. Бұл — ауыл ақсақалдарының тәрбиесі мен жастардың ұйымшылдығының жемісі. Тіпті отбасылық-тұрмыстық жанжалдар да болмайды. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады, — дейді Исатай Жасталапұлы.
Оның пікірінше, Құрылыс ауылындағы азық-түлік дүкендерінің иелері денсаулыққа зиянды өнімдерді сатудан бас тартқанына өкінбейді. Керісінше, ауыл тұрғындарының бастамасына қолдау білдіріп отыр.
— Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады. Қандай да бір мәселе туындаса, оның себебін уақтылы анықтау үшін тұрғындармен тығыз байланыс орнаттым. Олар әрдайым көмектеседі», -деп мәлім етті учаскелік инспектор.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын зәбір көрген 27 әйел Атыраудағы дағдарыс орталығын паналағанын хабарлаған едік.