Атыраудағы Президенттің бұрынғы резиденциясын жаңғырту жұмысы тоқтап қалды

АТЫРАУ.KAZINFORM - Махамбет ауданындағы Президенттің бұрынғы резиденциясын балаларға арналған демалыс лагері ретінде жаңғырту жұмысы тоқтап тұр. Бұған жобалық-сметалық құжатқа өзгерістің енгізілуі себеп. Бұл жобаны қаржыландыруға қатысты мәселе де бар.

атырау
Фото: Айбек Байзақов

2023 жылы резиденция облыстық білім беру басқармасына қарасты «Дарын» таланттарды анықтау және қолдау орталығына берілді. Кейін бұл аумақты балаларға арналған демалыс орнына айналдыру жұмысы басталды.

Алғашқы бекітілген жобаның бас жоспары бойынша оқу, жатақхана корпустары, асхана, бассейн, әкімшілік және келушілерге арналған ғимараттардың негізгі қаңқасы бетоннан құйылған. Әзірге лагерь құрылымының ішіндегі ғимараттардан толық аяқталғаны жоқ. Кешенді жаңғыртып, демалыс орнына айналдыру жұмысына жауапты құрылыс басқармасының мәліметінше, бүгінде жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты құрылыс тоқтатылды.

- 2026 жылдың науырыз айында жоба құрамы қайта қаралып, өзгерістер мен толықтырылулар енгізілді. Жаңадан жабық спортзал, 4 автобусқа арналған жабық гараж және футбол алаңы, сонымен қатар ауыз және кәріз суын тазалауға мүмкіндік беретін қондырғыларды орнатуға және осы жобаға бұрынғы резиденцияның салулы тұрған ғимараттарын қайта жөндеп лагерьдің құрамына енгізу жөнінде шешім қабылданды. Нысанның атауы резиденцияның қолданыстағы ғимараттарын реконструкциялау арқылы жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған «Жас Дарын» оқу-жаттығу лагерін салу болып белгіленіп, жаңа өзгертілген жобалау тапсырмасы берілді. Қазіргі кезде жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр,-деп жауап берді құрылыс басқармасының басшысының міндетін атқарушы Рафик Абуов.

Құрылыс басқармасы өкілдерінің сөзінше, жоба қараша айында сараптамадан шығады деп жоспарланған.

Биыл облыс әкімдігі бұл жоба жыл соңына дейін аяқталатынын айтып, ұзаққа созылып кетуін 2024 жылы болған тасқынмен байланыстырған еді.

Аумақтың кей бөлігі су астында қалған. Басқарманың ресми жауабына сүйенсек, бөгет салу жұмысы толық аяқталмаған.

- Лагерь аумағы арнайы зерттеліп, су тасқанынан қорғану бөгеттері құрылысы басталған, жобаланған жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Бөгет құрылысы аяқталған соң толық су тасқынынан қорғауға жеткілікті,-деп толықтырды құрылыс басқармасы.

Бір қызығы бұл жоба үшін әлі күнге қазынадан бір тиын қаралмаған. Алғашында әкімдік жұмысқа 5 млрд теңге қаржы қажет екенін айтқан. Бүгінге дейін резиденцияны жаңғырту жұмысын мердігер, яғни «БатысАльянсСтрой» компаниясы өз қаражаты есебінен істеген. Нақты құрылыс құны сараптамадан кейін белгілі болмақ.

- Бірнеше мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты жобалау жұмысының аяқталу уақыты созылды, жоба толықтай мемлекеттік сараптамадан өтпеуіне байланысты құрылыс жұмыстары осы уақытқа дейін қаржыландырылған жоқ,-деп түсіндірді басқарма.

Жобаның бірнеше рет өзгеруі құрылыстың созылуына әсер етіп отыр. Биыл сәуірде облыс әкімдігі құрылыс жұмысын толықтай жыл соңына дейін аяқталатынын атса, енді нысанды пайдалануға беру мерзімін алдын ала 2027 жылдың қыркүйегіне жоспарлап отыр.

Құрылыс басқармасы мерзімнің тағы кейінге шегерілуі мүмкін емес екенін мәлімдеді. Дегенмен нақты мерзім жобаның мемлекеттік сараптамасынан кейін айқындалады.

Бұған дейін Атырау қаласында Жайық өзені арқылы өтетін жетінші көпірдің құрылысы басталғанын жазған едік. Бұл көпір солтүстік айналма жол жобасының құрамына кіреді. Түзетулер мен өзгерістер бұл жобаны айналып өтпей, құрылыс мерзімі бірнеше мәрте бірнеше рет кейінге шегерілген.