Атыраудағы сібір жарасынан кейін базардағы ет павильоны бірнеше күнге жабылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пунктінде өлген сиырдан табылған сібір жарасының сарсаңы әлі басылмай тұр. Мұнайлы шаһарда орналасқан «Дина» базарының ет сататын павильоны бірнеше күнге жабылды. 

ет
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың айтуынша, осы кезге дейін 65 сауда нүктесі тексерілген. Атап айтқанда, сауда орындарындағы павильондар мен ет сататын дүкендерден 700-ден астам сынама алынған. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, Атырау қаласындағы сауда орындарын қайталап тексеру кезінде базарлардың бірінде сібір жарасы белгілері анықталған. Экспресс-тесттен ауру белгілерінің бар екені расталған. 

Осыған байланысты Атырау қалалық бас санитар дәргердің қаулысына сәйкес, базардың ет павильоны дезинфекциялық шараларды жүргізу үшін шұғыл жабылған. 

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың мәліметінше, «Дина» базарындағы ет павильонында 54 сауда нүктесі бар. Ал, 65 адам дәрігерлердің бақылауына алынған. 

Қайта тексеру кезінде алынған сынамалар республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығына жіберілді. Зерттеудің соңғы нәтижелері бірнеше күннен кейін белгілі болады. Қазір аталған дерекке қатысты эпидемиологиялық тексеру жүріп жатыр. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы қасапхана жұмысшысы сібір жарасының жеңіл түрін жұқтырғанын хабарлаған едік. Бірнеше күннен кейін қасапхананың тағы бір жұмысшысынан ауру белгісі табылды. 

Соңғы жаңалықтар