Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының жүргізушісі жасөспірімді неге ұрған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы «Шаңырақ» отбас үлгісіндегі балалар ауылында жүргізушінің жасөспірімді неге ұрғаны анықталды.

тәрбиешіні ұрған
Фото: Видеодан алынған кадр

Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде зерделеу жұмыстары жүргізілген.

– Зерделеуге сәйкес мекеменің жедел жағдайдағы қызметтік көлігінің жүргізушісі 2024 жылы 24 шілде күні тәрбиеленуші-жасөспірімге спорт залда қол көтергені анықталды. Оның бұл әрекетіне жасөспірімнің жүргізушінің адамдық ар-намысына тиетін сөздерді айтқаны себеп болған.

Алайда, психологпен әңгімелесу кезінде жасөспірім жүргізушімен әзілдесіп, ойнайтынын, оған ренжімейтінін, өкпе-реніші жоқтығын, өзінің кінәлі екенін айтты, - деп хабарлады Марат Әбуов.

Басқарма басшысының мәліметінше, отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 8 үй бар. Оның 7-еуінде 36 бала тәрбиеленеді. Мекемеде 57 бейнекамера қондырылған. Камераның 2-еуі жедел басқару орталығына қосылып тұр. Мұнда 56 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 7 адам ана-тәрбиеші қызметін атқарады.

Ал кезекшілік 2 ана-тәрбиешіге жүктелген. 

– Полиция департаменті аталған дерекке қатысты іс қозғады. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп мәлім етті Марат Әбуов. 

Атырау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаеваның айтуына қарағанда, мекемеде полиция, прокуратура, білім басқармасы және әкімдік өкілдерінің қатысуымен жиын өткен. 

– Оқиға былтырғы шілде айында болғанымен, полицияда аталған факті тіркелмеген. Енді аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2- бөлігімен қылмыстық іс тіркелді, - деп мәлім етті Айдан Сәрсембаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының жүргізушісі тәрбиеленушіні ұрғанын хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар