Атыраудағы су тасқыны: Қызылқоға ауданында отбасыға жаңа баспана берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Қызылқоға ауданында көктемгі су тасқынына кезінде 24 отбасының баспанасы бүлінген. Алайда, олардың дені өтемақы алуды ұйғарған.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, Ойыл өзенінің суы арнасынан асқан кезде қыстақтағы тұрғын үйлерге зақым келген.
«Көктемгі су тасқыны аудан тұрғындарын үлкен әбігерге салды. Сол кезде тұрғындар ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде аудандағы елді мекендерді тасқын су басқан жоқ. Дегенмен, ауданда су тасқынынан 24 үй бүлінді. Бірақ, бүлінген үйлер елді мекенде емес, көбі қыстақта орналасқан. Үй иелері аудандық комиссияға өздерінің өтінішін берді. Соған сәйкес 20 отбасы өтемақы алуға, 4 адам жаңа тұрғын үй салып беруді сұрады», - дейді Қанат Әзмұханов.
Аудан әкімінің мәліметінше, тұрғындардың өтінішімен Көздіқара ауылында жаңадан 4 үй салынған. Әр үйдің жалпы ауданы – 128 шаршы метр. Жаңа баспаналарға инфрақұрылым желілері жүргізілген.
«Бүгін 4 отбасы өздерінің қалауымен салынған жаңа үйге қоныстанды. Ал, 20 отбасына су тасқынынан бүлінген үйі үшін тиісті өтемақы толық төленді», -деп мәлім етті Қанат Әзмұханов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың Ресеймен шекаралас ауданында апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға көшкенін хабарлаған едік.