Атыраудағы тасқын су қоршаған Талдыкөл ауылында 300-ге жуық тұрғын қалған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы тасқын су қоршаған Талдыкөл ауылында 300-ге жуық тұрғын қалған.
Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлқашевтің айтуынша, тасқын су Талдыкөл елді мекенін қоршап тұр.
«Атырау-Орал трассасынан Талдыкөл ауылына кіретін 7 шақырым жолдың екі жағына тасқын су шықты. Әзірге аталған жолмен көліктің жүруіне шектеу қойылған жоқ. Бірақ, су басу қаупіне байланысты 13 мамырдан бері ауыл тұрғындары эвакуацияланды. Қазір ауылда 1215 тұрғынның 300-ге жуығы қалды. Олардың дені – ер адам», -деді Сейілбек Зұлқашев.
Әкімнің айтуынша, ауыл маңына 3 шақырым бөгет салынған. Бөгетті қосымша нығайту жұмысына 80-ге жуық адам тартылған. Оның ішінде 30 әскер, төтенше жағдайлар саласының 25 маманы, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері мен ауыл еріктілері бар.
«Қазір ауылда су, жарық, газ тұрақты беріліп тұр. Бірақ, су тазарту қондырғысының айналасына өзен бойымен ағып келген ағаш қалдығы жиналып қалады. Оны күн сайын төтенше жағдайлар департаменті мамандарының көмегімен жинап жүрміз. Су тазарту қондырығысына дейін қайықпен барамыз», -деді Сейілбек Зұлқашев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау полицейлері тұрғындары эвакуацияланған Талдыкөл ауылын тәулік бойы бақылауға алғанын хабарлаған болатынбыз.