Атыраудағы тұрақтандыру қорында 3 мың тоннадан астам азық-түлік бар

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы тұрақтандыру қорына 5 мың 690 тонна көкөніс жеткізу көзделіп отыр. Осынша өнім облыс тұрғындарын алдағы жылдың сәуіріне дейін жетеді. 

азық-түлік қауіпсіздігі
Коллаж: Kazinform

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрақтандыру қоры бағдарламасы іске асырылып жатыр.

«Атырау облысында 2024-205 жылдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті сауда желілеріне, тауар өндірушілерге мен көкөніс өсірушілерге айналым қаражатын толықтыру үшін қайтарымды қарыздар берілді. Қазір тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі сатылады. Қазір қор қоймасында 3018,7 тонна азық-түлік бар. Азық-түлік түрлері нарықтағы құнынан 20 пайызға төмен бағамен ұсынылады», -деп хабарлады баспасөз қызметі. 

Тұрақтандыру қорына 1 878 тонна картоп, 1 667 тонна пияз, 1 344 тонна сәбіз және 801 қырыққабат жеткізу үшін «АгроФеликс», «Отбасы» шаруа қожалықтарымен, «КызанақАгро» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Қантпен қамтамасыз ету үшін «Көксу қант зауыты» ЖШС-мен, ұн жеткізу үшін үш кәсіпорынмен осындай келісім бар. 

«Ауыл шаруашылығы құрылымдарынан алынған картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат Атырау қаласындағы «Дина», «Көктем», «Насиха», «Сарайшық» базарларында, тұрғын алабындағы 3 сауда павильонында, «Лидер», «Идеал» супермаркеттерінің 32, «Ярмарка» супермаркетінің 3 нүктесінде сатылатын болады. Ет №1 ет гастрономының 6 павильонында, «Халил Уста» аталатын 2 дүкенде сатылады. Ал, әлеуметтік маңызы бар 14 азық түлік тауары аталған супермаркеттердің Атырау қаласындағы, Индер, Жылыой, Индер және Мақат аудандарындағы 36 нүктесінде сатылып жатыр. Қызылқоға ауданында тұтынушыларға осындай тауарларды ұсынатын 2 сауда желісі бар», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен. 

Биыл жыл басынан бері 940 тонна картоп, 1310 тонна сәбіз, 1416 тонна пияз және 461 қырыққабат тонна сатылған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тұрақтандыру қорына көкөніс жеткізетін қожалықтар су тасқынынан зардап шекпегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар