Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі трассаға су өткізетін 6 құбыр салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудан Ресейдегі Астрахань өңірімен шекараға дейінгі трассаға су өткізетін 6 құбыр салынды.

Құбыр салу
Фото: Видеодан алынған кадр

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Атырау өңірлік филиалы басшысының орынбасары Азамат Қабдығалиевтың айтуынша, Ресейге қатынайтын трассадағы айналма жолды су басу қаупі төнген. 

«Атырау қаласынан Ресей шекарасына дейінгі жол бойында салынған айналма жолды Байшақа өзегімен келген тасқын су шайып кетті. Тасқын суды Каспий теңізіне қарай кедергісіз өткізу қажеттігі туындады. Сол себептен, канал үстіндегі асты 2 метрге теретңдетіліп, су өткізетін құбырлар салынды. Диаметрі 100 см болатын 6 құбыр салынды. Қазір су өткізетін құбыр саны 8 данаға жетті. Бұл мол судың тас жолды басу қаупін сейілтеді», - деді Азамат Қабдығалиев. 

Айналмаға жолға құбыр салу кезінде көліктер әлі пайдалануға берілмеген көпір арқылы қатынады. Су өткізетін тұрба салу жұмысына 30 адам мен 20 арнайы техника тартылды. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың Амангелді ауылындағы су тазарту қондырғысының жұмысы уақытша тоқтатылғанын хабарлаған едік.