Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолда қандай жылдамдықпен жүруге болады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолдың құрылысы аяқталуға таялды. Соған байланысты аталған жолдың бір бөлігінде көлікпен сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат берілді.
Атырау облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының аға инспекторы Ақылбек Хошаевтың айтуынша, Зинеден және Құрманғазы ауылының аралығында жылдамдықты шектейтін жол белгілері алынып тасталған.
«Көлік жүргізушілеріне 7 қарашада республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жолдың 778-833 шақырымында сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Бұл Құрманғазы ауылынан Зинеден ауылына дейінгі аралықтағы 55 шақырымды құрайды. Жолдың бұл бөлігінде арнайы жол белгілері алынып тасталды. Енді көлік жүргізушілерінен жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз», - дейді Ақылбек Хошаев.
Құрманғазы ауылы — Ресей Федерациясымен шектесетін Құманғазы ауданының орталығы. Бұл аудандағы 49 елді мекенде 56 мыңнан астам адам тұрады.
Ал, Зинеден — Исатай ауданындағы ауыл. Бұл ауылдың тұсында жобаға енгізілген 3 санитарлық-гигиеналық тораптың бірі ашылған.
Аталған екі ауданның аумағымен өтетін «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолды жөндеу 2019 жылы басталған. Атырау қаласынан басталатын жолдың көрші ел шекарасына дейінгі ұзындығы — 277 шақырым. Жолдың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған болатынбыз.