Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолдың 82 пайызына асфальт бетоны төселген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол бөлігі жаңартылып жатыр. Осы кезге дейін жолдың 82 пайызына асфальт бетоны төселген.

Жол жөндеу
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін «Атырау – Астрахан» бағытындағы жол реконструкциялау жұмысын толық аяқтау көзделген. 

«Қайта жаңартылатын учаскенің ұзындығы – 212 шақырым. Асфальтбетон жабынын төсеу жұмысы 82 пайызды құрады. Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасып жатыр. Учаскедегі қозғалыс қарқыны – тәулігіне шамамен 5000 дана автокөлік. Аталған жол бөлігі қайта жаңғыртылғаннан кейін сапар уақыты 2,5 сағатқа дейін қысқарады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Бұл жолда 2019 жыдан бері қайта жаңғырту жүргізіліп жатыр. 2021 жылы Құрманғазы ауданының орталығынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырым жолды жөндеу аяқталған. Ал, 2020 жылы Құрманғазы ауданының орталығы – Құрманғазы ауылынан Атырау қаласына дейінгі 217 шақырым жол бөлігін жөндеу басталған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Биыл Атыраудан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолды жаңғырту аяқталатынын хабарлаған едік.