Атыраудан Ресейдің шекарасына дейінгі жолдың бір бөлігі жабылды

Атырау облысы
Фото: «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалы

Атырау облысында күн бұзылды. Осыған байланысты Исатай ауданындағы Жанбай ауылының тұсынан Ресей Федерацциясының Астрахан облысымен шекараға дейінгі жол бөлігі жабылды, деп хабарлайды Kazinform.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Қуанышбек Шортабаевтың айтуынша, бүгін, 16 желтоқсанда сағат 11:30-да аталған жол бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қоюға шешім қабылданған.

«Жол бөлігінің жабылуына ауа райының бұзылғаны, жаңбырдан кейінгі көктайғақ себеп болып отыр. Осыған байланысты «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» (Астрахан бағыты) тас жолының 712-893 шақырымы аралығындағы жол жабылды. Жолдың бұл бөлігі Исатай ауданындағы Жанбай ауылының тұсынан басталып, Ресейдегі Астрахан облысымен шекараға дейінгі аралықты қамтиды», -деп хабарлады Қуанышбек Шортабаев.

Оның айтуынша, «ҚазАвтожол» АҚ және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның Атырау облыстық филиалдарының мамандары бірлесе жұмыс атқаруды қолға алған. Оған «ҚАЖсервис» ЖШС өкілдері қосылған.

«Бүгін Атырау облысында ауа темпераурасы -8-10 градустың аралығында. Күн бұлтты. Құрманғазы ауданында жаңбыр, Махамбет ауданында қар жауды. Құрманғазы ауданындағы жолда жаңбырдың салдарынан көктайғақ бар. Қазір «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» (Астрахан бағыты) тас жолының 712-893 шақырымы аралығында 10 адам жұмыс істеп жатыр. Арнайы 6 техника тартылды. Жолға бір тәулікте 18 текше метр инертті материал себілді», -деп мәлім етті Қуанышбек Шортабаев.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram