Атыраудан шығатын бірнеше жол жабылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ауа райы қолайсыз болып тұр. Осыған байланысты мұнайлы шаһардан шығатын бірнеше жолда көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

«Бүгін, 6 ақпан жергілікті уақытпен сағат 19:20-да ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 0-122 шақырымы және Атырау-Орал тасжолының 64-189 шақырымы аралығында жол жабылды. Ал, облыстық маңызы бар Атырау-Индер тасжолының 17-170 шақырымында, Атырау қаласынан Индер кенті аралығында көлік құралдарының барлық түріне шектеу қойылды. Облыс аумағында көктайғақтың болуына байланысты бүкіл жол қозғалысына қатысушыларына жол ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Ал, төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, ертең, 7 ақпанда өңірдің оңтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ болады.
«Түнде батыстан екпіні секундына 18-23 метрге жететін жел соғады. Күндіз жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау көшелерінен кешеден бері 2,4 мың тонна су сорылғанын хабарлаған болатынбыз.