Атырауды шаңды дауыл басып тұр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін түс қайта Атырау қаласын шаңды дауыл басты. Ауада ызғар, қатты жел бар.

шаңды дауыл
Фото: Kazinform

Мұнайлы шаһарда қаңтар айы басталғалы 1-2 рет қар жауған еді. Алайда қар еріп, қара суық соғып тұр. 

Ал кешеден бері күн суытып, бүгін шаңды дауыл көтерілді. Шаңның көтерілуінен желдің екпіні байқалады.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірнеше күн бұрын тұрғындарға дауыл болуы мүмкін екенін ескертті. 

— Дауыл туралы ескертулер жариялаған кезде, әсіресе қараңғы мезгілде алыс сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болу қажет. Ауа райының жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаған жөн. Балаларды қараусыз қалдырмаған дұрыс. Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға, электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес береміз. Жүргізушілерге ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылытудың қауіпті екенін ескертеміз, — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 1 күн бұрын жоғалып кеткен ер адамның мүрдесі Жайық өзенінен табылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар