Атырауды сумен қамту толық қалпына келтірілді

вода
Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

Атырау қаласындағы, оған таяу орналасқан елді мекендер мен Мақат ауданының тұтынушыларына суық су берілді. Қазір су құбырындағы қысым қалпына келтірілген, деп хабарлайды Kazinform.

«Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында тұтынушыларға су беріле бастаған. Ал, сағат 19:00-де құбырдағы қысымды қалпына келтіру аяқталған.

«Су тазарту қондырғыларын жөндеу, тазарту жұмыстары 9 желтоқсан күні кешке басталды. Кәсіпорынның жұмысшылары мен арнайы мекеменің сүңгуірлері ауа райының қолайсыздығына қарамастан үзіліссіз жұмыс істеді. Олар барлық су тазарту қондырғысын мұздан толық тазартты. Қазір кәсіпорынның су тарту құрылғылары штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деп хабарлады Мейірім Қалауи.

Сумен қамту кәсіпорны мамандарының түсіндіруінше, судың құрамы тазарған сайын құбырдағы қысым артады. Бұл бірнеше сағатқа созылуы мүмкін.

Еске сала кетелік, Жайық өзені қатып, Атырау сусыз отырғанын, әкімдікте комиссия құрылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, «Атырау облысы Су Арнасы» өкілі Жайықта мұздың тығыз массасы 20 жылдан бері болмағанын айтқан еді.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК су тазарту қондырғыларының басшысы Борис Пенкиннің айтуынша, өзенде қалың мұз қатқан. Мұндай құбылыс шамамен 20 жылдан бері байқалмаған.

«Биыл Жайық өзенінде су деңгейінің күрт төмендегені байқалды. Мәселен, кеше, 9 желтоқсанда кешкі бірнеше сағатта су деңгей 15-20 см-ге төмендеді. Ұсақ мұз кристалдары су жинайтын жабдыққа орнатылған қорғаныс торларын бітеп тастады», - деп мәлім етті Борис Пенкин.

Соңғы жаңалықтар
telegram