Атыраудың бір бөлігі мен Қызылқоға, Махамбет аудандары 5 сағат жарықсыз қалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау қаласының бір бөлігі мен Қызылқоға, Махамбет аудандарында жарық сөніп қалды. Тұрғындар 5 сағаттан астам уақыт жарықсыз отырды.

Атырау облысының энергетикалық кешенінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 9 шілде күні сағат 09:52 шамасында «KEGOC» АҚ жүйелік операторына батыс өңірде апатты режим жарияланғаны туралы хабар түскен.
«Сағат 11:05 шамасында апаттың алдын алу үшін автоматика іске қосылып, 110/35 кВ құрайтын бірқатар желілер ажыратылған болатын. Оған Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы қуаттың тапшылығы әсер етіп отыр. Атырау облысының энергожүйесінде технологиялық өзгеріс болмас үшін кестеге сәйкес «Атырау Жарық» АҚ желілеріндегі кәсіпкерлік қызметке шектеулер енгізілді. Салдарынан Атырау облысындағы Махамбет, Қызылқоға аудандары мен Атырау қаласының сол жақ бөлігі жарықсыз қалды», - деп хабарлады женргетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Түсқайта сағат 15:33 шамасында жарықсыз қалған барлық абонеттер толықтай электр жарығымен қамтамасыз етілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда құрылысы тоқтап қалған концерт залы бұзылып жатқанын жазған едік.