Атыраудың Индер ауданында 80 отбасы жаңа пәтерге ие болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудың Индер ауданында 80 отбасына жаңа пәтер берілді.

Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаевтың айтуынша, тұрғын үй кезегінде 1400-ден астам адам тұр.
– Президент тапсырмасына сәйкес аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін жыл сайын тұрғын үймен қамту жалғасып келеді. Мәселен, 2023 жылы 192 пәтер, Жарсуат ауылдық округінде 10 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұған қоса көпқабатты 13 үйдегі 112 отбасы жаңа қонысқа көшті. Апатты тұрғын үйлердің тұрғындары да жаңа баспанамен қамтылды, - дейді Серік Нысанбаев.
Оның мәліметінше, жаңа баспана алғандардың арасында үй кезегінде тұрған көпбалалы 30, әлеуметтік тұрмысы төмен 22 отбасы бар. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан тыс қалған 8 жасөспірім де жаңа қонысқа көшіп отыр. Ал 10 пәтер қызметтік мақсатта, тағы 10 баспана ипотекалық жүйемен берілген.
– Баспанамыздың болғанын бәріміз аңсаймыз. Балаларымыз «Жаңа пәтерге қашан көшеміз?» деп жиі сұрайтын еді. Шындығында, бұл пәтерді көптен күтіп жүр едік. Отбасымыздың қуанышында шек жоқ. Әсіресе балалардың қуанғанын көруден артық бақыт бар ма? - дейді жаңа пәтердің иесі Айнара Ұлжабаева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Тәуелсіздік күні қарсаңында 73 отбасына жаңа баспана берілгенін жазған болатынбыз.