Атыраудың маңында тағы да балық қырылып қалды

қырылған балық
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының маңындағы каналдан бөлініп қалған суда балықтың қырылғаны анықталды. Өлген балықтың салмағы — 69,5 келі.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сүйенсек, балықтың қырылғаны кеше, 2 тамызда анықталған. 

балық
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

«Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылының маңындағы көктемгі су тасқыны кезінде бөлініп қалған суда балықтардың қырылғаны туралы ақпарат анықталды. Бөлінген су Қара өзен каналынан аққан. Судағы температурасы — 29 градус, оттегі мөлшері — 2 мл/дм³. Балықтың жалпы салмағы - 69,5 келі», -деп хабарлады облысаралық инспекция.

Осыған байланысты өзара іс-қимыл схемасына сәйкес құрылған комиссияға мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілді.

балық
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Атырау облыстық экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін суда сынама алынды.

Ал, өлген балықтардың өлексесінен сынама алу мүмкін болмады. Өйткені, өлекселер ыдырап кеткен. 

 

«Балықтың қырылуының болжамды себебі — судағы оттегі мөлшерінің жетіспеушілігі. Оттегінің концентрациясы 4 мл/дм3-тен төмен болған кезде балық қырылады. Балық өлекселері санитарлық нормаларға сәйкес жинап алынды», -деп мәлім етті облысаралық инспекциядан. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың маңындағы каналда балық өліп жатқанын хабарлаған болатынбыз. 

Кейін балық оттегінің жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін екені айтылды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram