Атыраулық ардагер балуан дзюдодан әлем чемпионы атанды

Атырау
Фото: Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Атыраулық ардагер балуан Марал Көшенов қыркүйекте самбодан әлем чемпионы атанған еді. Енді ол дзюдодан әлем чемпионы атанып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ардагер спортшылар арасындағы әлем чемпионаты 30 қазан мен 4 қараша аралығында өткен.

– Біріккен Араб Әмірліктері елінің астанасында «Abu Dhabi World Championships Veterans 2023» чемпионатының жалауы желбіреді. Әлемдік додаға 64 елдің 1 мыңнан астам спортшысы бақ сынады. Атыраулық ардагер балуан Марал Көшенов М7, -73 келі салмақта қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанды, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Марал Көшеновтің салмағында 17 балуан сынға түскен. Ол қарсыластарымен төрт кездесу өткізген.

– Алдымен Бразилияның спортшысымен күрестім. Екінші жекпе-жекте аустриялық қарсыласпен күш сынастым. Үшінші кездесуде тағы бір бразиялық спортшыны ұттым. Ақтық сында Испания спортшысын қапы қалдырып, дзюдодан алғаш рет әлем чемпионы атандым, - дейді Марал Көшенов.

Оның айтуынша, биыл табысты жыл болған. Қыркүйек айында самбодан 71 келі салмақта әлем чемпионы атанған. Азия чемпионатында да бірінші жүлдені иеленген. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жеңіс Нұрлыбаев джиу-джитсудан әлемнің екі дүркін чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар