Атыраулық аспаз Жайық жағалауын бекітіп жүргендерге тегін тамақ әзірледі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы мейрамхананың бас аспазы Жайық өзенінің жағалауын бекітіп жүргендерге тегін тамақ әзірледі.

Волонтер
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысы жедел штабының ақпаратына сүйенсек, бармағынан бал тамған жергілікті аспаз Бағдат Қадыров мұнайлы шаһардағы «CJ-cafе», «SHarbaq» мейрамханаларында жұмыс істейді.

Оның аспаз болғанына 15 жыл өткен. Жұмысына қоса фуд-блогерлікпен айналысады. 

Ерікті
Фото: Атырау облысының жедел штабы

«Жергілікті аспаз Бағдат Қадыров Жайық өзенінің жағалауын бекітуге жұмылған азаматтарға түскі және кешкі ас дайындап беріп жүр. Ол тамақты өз қаражаты есебінен дайындайды. Атырау қаласының маңындағы Еркінқала, Дамбы, Талғайран елді мекендерінде, Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында аспаздық етті. Аспаз жігіт бұл қадамға өз қалауымен барған», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.

Өткен жылы Бағдат Қадыров Анталияда өткен әлемдік аспаздар сайысына қатысқан. Сол сайыта 750 аспаздың арасынан жеңімпаз атанған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Тасқын су Атыраудың солтүстік бөлігіндегі елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғанын хабарлаған едік.