Атыраулық еріктілер жаға бекітуге атсалысып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Республика бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясында 11 900 ерікті тіркелген. Аталған ұйым өңірлерге 954 тонна азық-түлік, өзге де қажетті заттарды жөнелткен. Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда еріктілер барынша белсенділік танытуда.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ассамблея жастары» РҚБ Атырау облысы өкілдігінің төрағасы Нұрхан Бақытжанов еріктілердің жұмысына тоқталды.
«Атырау облысында «Ассамблея жастары» ұйымына 300-ге жуық ерікті тіркеліп, жаға бекіту жұмыстарымен айналысып жатыр. Колледж студенттері, жастар, қала тұрғындары белсенді атсалысып, су апатына қарсы шараларға жұмылуда. Еріктілер қаланың гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде жұмыс істеп, қапшықтарға құм толтырып жатыр», — деді ол.