Атыраулық құтқарушылар Жайыққа түсіп кеткен жылқыны жағаға шығарды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық құтқарушылар Жайық өзеніне түсіп кеткен жылқыны жағаға алып шықты.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бұл оқиға бүгін, 16 сәуірде болған.
«Бұл туралы сағат 11:48-де хабар түсті. Атырау қаласының «Тұрғындар қалашығы» шағын ауданында жылқы Жайық өзеніне түсіп кеткен. Мұны көрген тұрғындар құтқарушыларды көмекке шақырды. Жедел құтқару жасағының 5 құтқарушысы санаулы минутта оқиға орнына жетті. Олар арнайы құтқару арқанын пайдаланып, жылқыны жағалауға шығарды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Жайық өзені маңындағы саяжай тұрғындарына көшу ұсынылғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Жайық жағасындағы Аспа елді мекенінің 86 тұрғыны көшірілетінін жазған болатынбыз.