Атыраулық өрендер мүгедектерді оңалтуға арналған құрылғы ойлап тапты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда колледж студенті мен лицей оқушысы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған құрылғы жасап шығарды.

Өнертапқыш өреннің бірі – APEC Petrotechnic жоғары колледжінің студенті Дәмеля Жалғас. Ал Әмина Талғат Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейде оқиды.
Екеуі де «JasUp» жобасы аясында денсаулық сақтау саласындағы инновациялық жобаларды әзірлеумен айналысып жүр. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту құрылғысының концепциясын ойлап тапқан.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін медицина мамандарынан кеңес алдық. Өйткені елімізде тірек-қозғалыс аппаратына тәуелді жандарды оңалтуға арналған құрал-жабдықтар жетіспейді. Бұл жобаны екі айда жүзеге асырдық. Оңалтуға арнаған құрылғыға пластмасса, бекіткіш, топса және жеңіл металл түтіктерін қолдандық, - дейді Дамеля Жалғас.
Олардың жобасына Атырау облысындағы оңалту орталықтары қызығушылық танытты. Қос құрбы мұндай орталықтармен бірге осындай жобаларды іске асыруды көздеп отыр.

«JasUp» жобасының жетекшісі Асқар Алданның мәліметінше, былтыр 44 шеберлік сағаты мен 8 байқау ұйымдастырылған. Оған 13-25 жас аралығындағы 3 мыңнан астам жас қатысқан.
– Бұл жобаның мақсаты – жастардың бос уақытын пайдалы іске арнауына, техникалық дағдысын жетілдіруіне ықпал ету. Оған ұстаздар да қатысып, біліктілігін арттырды. Жоба аясында роботехника, бағдарлама дайындау, жасанды интеллект, 3D модельдеу және модель жасау бойынша тегін сабақтар өткізілді, - деп мәлім етті Асқар Алдан.
Еске сала кетелік, бұған дейін СҚО-да 7-сынып оқушысы голографиялық сөздік ойлап тапқаны жазылған еді.