Атыраулық шебердің шеберханасында бір айда 60 домбыра жасалады

Атырау облысында былтыр 268 кәсіпкерге 369,7 млн теңгенің гранты берілген. Грант алғандардың арасында ауылдарда тұратын 118 адам бар, деп хабарлайды Kazinform.

атыраулық шебер
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Кәсіп иелерінің қатарында қазақтың ұлттық аспабы — домбыра жасауды отбасылық кәсіпке айналдырған ерлі-зайыпты Нұрлыбек пен Фариза Бисембаевтар да бар.

Ері домбыра жасауды 2018 жылы бастаған. Ал, зайыбы былтыр отбасылық кәсіпті кеңейту үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, 1 млн 350 мың теңге грант алған.

«Алғашқыда шағын тапсырыстарды ғана қабылдап жүрдім. Ағаштан түрлі бұйым жасауды әкемнен үйренген едім. Мемлекеттен көрсетілген қолдаудың нәтижесінде отбасылық кәсібіміз жанданды. Қазір отбасылық шеберханада айына 60-қа жуық домбыра жасалады. Шеберханамызда 4 адам тұрақты жұмыс істейді. Оларға қоса бірнеше тұрғынды уақытша жұмыспен қамтып отырмыз», - дейді Нұрлыбек Бисембаев.

Оның айтуынша, қазір тапсырыс көбейген. Кәсіп иесі тапсырыстың бәрін мерзімінде жасап үлгеруге тырысады.

«Домбыраны музыкалық мектептер көп алады. Жеке тұрғындардан да тапсырыс түседі. Қажетті материал жағынан қиындық жоқ. Кәсіп ашамын, табыс табамын деген адамға мемлекет үлкен мүмкіндік беріп отыр», - деді Нұрлыбек Бисембаев.

Енді ерлі-зайыпты шеберлер жұмысқа қажетті жаңа құрылғылар алып, кәсібін кеңейте түсуді мақсат етіп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Биыл Атырау облысында 35,7 мың адам жұмыспен қамтылатынын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар