Атыраулық шебердің тың туындысы: балық терісімен қапталған қобыз
АСТАНА. KAZINFORM — Музыкалық аспаптардың аң терісімен қапталғанын жиі естиміз. Ал атыраулық қолөнерші жұп-жұқа балық терісімен қобызды қаптаған.
Нұрсұлтан Қалиев — Атырау қаласының тумасы. Ол бала кезінен қолөнерге жақын болып, ағаш пен темірден түрлі бұйым жасайды. Қашап, ойып, қырнап жасаған әр туындысына тарихтың бір үзігін арқау етеді. Автордың қолынан шыққан дүниенің бәрінде өзіндік мән, ұлттық нақыш бар. Тек тұрмыстық бұйымдармен шектелмей, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын да жасайды.
Ерекше еңбектерінің бірі — жайынның терісімен қапталған қобыз. Қолөнерші бұл туындысын өңірдің балыққа бай болмысын арқау етіп жасаған.
Қобызды әзірлеуге шебер бір жыл уақыт жұмсаған. Ең алдымен балық терісін мұқият тазалап, бүлініп кетпеуі үшін тұздаған. Кейін күнге кептіріп, бірнеше кезеңнен өткізіп, қажетті қалыпқа келтірген. Теріні өңдеудің бұл тәсілін Нұрсұлтан Қалиев өзі ізденіп, тәжірибе арқылы меңгерген екен.
- Балық терісінің қаншалықты берік болатынын сынап көргім келді. Терінің жыртылмауы мен ұзақ сақталуы үшін оны тұздап, кептіру, өңдеу тәсілдерін зерттедім. Түсін де сақтау маңызды. Бұл жұмыс көп уақыт пен ізденісті талап етті. Қобыздың пішінін де балыққа, уылдырыққа ұқсатып жасауға тырыстым, - деді қолөнерші.
Жайын терісі қобыздың үніне де өзіндік реңк берген. Мұны аспапты сынап көрген мамандар да атап өткен. Белгілі қобызшылардың бірі бұл аспаптың үнін жоғары бағалапты.
- Қобызды мамандарға көрсетіп, тартқызып көрдім. Белгілі қобызшы алғаш тыңдағаннан-ақ: «Ішкі дауыс сезіледі», — деді. Оның айтуынша, бұл — қоңыр, жұмсақ үн. Басқа терілер қолданылған аспаптарда сәл аңыраңқы дыбыс шығуы мүмкін, ал жайын терісімен қапталған қобыздың үні нәзік әрі өзгеше естіледі, - деді ол.
Атырау өңірінде бекіре, қызыл балық секілді ірі балық түрлері де көп. Автор алдағы уақытта олардың терісін де пайдаланып, музыкалық аспаптар жасап көруді жоспарлап отыр.
Тарихты ағашпен өрнектеген шебер
Нұрсұлтан Қалиевтің жұрт назарын аударатын туындылары аз емес. Оның ерекше идеясы мен өзіндік талғамынан туған бұйымдарға сұраныс та жоғары.
- Қазақстанның әр өңірінде, сондай-ақ шетелде өтетін көрмелерге қатысып жүрміз. Соңғы жылдары халықтың өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Бұған ақпараттың қолжетімді болуы да әсер етті. Мұны туындылардың бағалануынан, сатып алуға деген сұраныстан да байқауға болады. Мен де қолөнер бұйымдарын жасағанда осыны ескеремін. Еңбегі қаншалықты қиын болса да, халықтың жағдайын ескеріп, сұранысқа сай бағаны тым көтермеуге тырысамын, - дейді Нұрсұлтан Қалиев.
Шебердің айтуынша, туындыларының дені өткен ғасырдан жеткен жәдігердей әсер қалдырады. Соның бірі — суреттегі топса. Автор оны ағаш отап жүріп тауып алған. Түпнұсқасын сақтай отырып, оны ағашпен үйлестіріп, тамыры жайылғандай ерекше туындыға айналдырған.
- Тарихи бұйымдарға ұқсатып жасағанды ұнатамын. Атырауға, соның ішінде көне Сарайшыққа қатысты үлкен жоспарларым бар. Жерден қазып алынғандай әсер қалдыратын дүниелер жасағым келеді. Археологтар көне жәдігерлерді қалай тауып алады, мен де өткен тарихты сол тәсілмен бүгінгі өнерге жеткізгім келеді.
Шебер бұйымдарының басым бөлігін жергілікті қарағаштан жасайды. Уақыт өте келе қатая түсетін бұл ағаш беріктігімен ерекшеленеді. Оның өзіне тән табиғи түсі де дайын бұйымға айрықша реңк береді.
Айта кетейік, елордада ұлттық қолөнер мектебі ашылды.