Атыраулық суретші Испаниядағы халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді

Атыраулық суретші Назерке Ищанова Испанияда өткен халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді. Ол салтанатты марапаттау рәсіміне шақырту алды, деп хабарлайды Kazinform. 

Атыраулық суретші Испаниядағы халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді
Фото: Н.Ищанованың жеке мұрағатынан

Назерке Ищанова «Атырау-Ақпарат» ЖШС-да баспа дизайнері болып жұмыс істейді. Түрлі картинаны электронды қаламмен планшетке салады. Биылғы қыркүйекте Испанияда өткен суретшілердің «Усы Дали» байқауының «Digital Painting» номинациясына өз туындысын жіберген. 

Атыраулық суретші Испаниядағы халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді
Фото: Н.Ищанованың жеке мұрағатынан

«Бұл байқауға жаһанның 60 елінен 150 суретші қатысты. Мен 26-35 жас аралығындағы үміткерлер тобына «Все начинается с инициативы одного человека» атты суретімді жіберген едім. Қазан айының басында суреттің тексерілгені, байқауға қабылданғаны туралы хабар алдым. Ал кеше халықаралық конкурс қорытындысы бойынша бірінші жүлдені иеленгенімді хабарлады», - дейді Назерке Ищанова.

Халықаралық байқаудың салтанатты марапаттау шарасы Испанияның Косто-Брава курортты аймағында алдағы жылдың наурыз-сәуір айында өтеді. Атыраулық суретші аталған шараға шақырту алды. 

Қазір оның жеке қорында 50-ден астам тарихи картина бар. Тарихи шығармаларды оқығанды, ұлт зиялылары мен батырларының, Алаш арыстарының өмірін, еңбегін зерттегенді ұнатады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық дизайнер Лондонда халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленгенін хабарлаған болатынбыз.

Былтыр «Мұнар күн» картинасы Лондон қаласында өткен «Алтын таланттар уақыты» халықаралық байқауының бірінші жүлдесін иеленді. Бұл байқау 2007 жылдан бері тұрақты өтеді.