Атыраулықтар 3 жылда үй құрылысына 5 млрд теңгеге жуық ақша салып, алданып қалған

Тұрғын үй
Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық үлескерлер 3 жылда үй құрылысына 5 млрд теңгеге жуық ақша салып, алданып қалған.

Атырау облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Мұратбай Қадыровтың айтуынша, үлескерлерге пәтер де берілмеген, ақшасы да қайтарылмаған.

«Тергеу басқармасының өндірісінде соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысына пай және үлескерлік қатысу арқылы пәтер алуға 500-ге жуық тұрғын қызығушылық танытқан. Тұрғындар «Жібек жолы», «Ақмаржан-Атырау», «Baisanat Residence», «Saraishyq», «Qazanat», «Family Town» тұрғын үй кешендерінің құрылысына салымшы болғаны анықталды. Салымшыларға 5 млрд теңгеге жуық материалдық шығын келтірілген. Үлескер болған тұрғындар осы күнге дейін құрылысы аяқталған пәтер немесе ақша қаражатын ала алмай жүр. Үлескерлердің алдану дерегімен 6 қылмыстық іс тіркелді», -деп хабарлады Мұратбай Қадыров.

Полиция департаменті Атырау тұрғындарына тұрғын үй кешендерінен пәтер алу үшін қаражат салу кезінде ескеретін бірнеше кеңесті ұсынып отыр.

Біріншіден, тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуге құрылыс нысандарын бақылайтын мемлекеттік органдардың рұқсат құжаты бар-жоғына көз жеткізу керек. Екіншіден, күмәнді шарттардан бас тартқан жөн.

Еске сала кетелік, Атырауда алаяқтыққа байланысты 300-ге жуық қылмыстық іс сотқа жолданғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар