Атыраулықтарға «арзан жиһаз ұсынған» алаяққа сот үкім шығарды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Түркістан облысының тұрғыны 2023 жылдың ақпанында Шымкент қаласынан арзан жиһаз ұсынып, WhatsApp желісінде мобильді телефон нөмерін қалдырған. Бұл жарнамаға атыраулық тұрғындар қызығушылық танытқан. 

сот
Фото: Pexels

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласының тұрғындары банк қосымшасы арқылы 6 айға несие рәсімдеген. Жарнама берушіге алдын ала төлем ретінде қомақты қаржы аударған.

«Мәселен, Атырау қаласының 1957 жылғы тұрғыны Шымкент қаласынан 24 дана орындық алдыруға тапсырыс берген. Ол 6 айға 675 мың 996 теңге несие рәсімдеп, 833 мың теңге көлемінде аударым жасаған. Алайда, тапсырыс берген тауар келмей, сатушымен байланыс үзілген. Нәтижесінде 66 жастағы қала тұрғынына 1 млн 508 мың 996 теңге материалдық шығын келген», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізген. Күдікті ретінде Түркістан облысының 1994 жылғы тұрғынын анықтаған.

«Күдіктінің, дәл осындай алаяқтық жолмен Атырау қаласының үш тұрғынын алдап, жәбірленушілердің 4 млн теңге көлемінде ақша қаражатын иемденгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 29 жастағы күдікті өзінің қылмыс жасағанын толықтай мойындады. Атырау қаласының № 2 сотының шешімімен күдікті қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі деп танылды. Күдіктіге 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, интернет-алаяқтарға атыраулықтар 400 млн теңге беріп қойғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар