Атқару өндірістерін жетілдіру бағытында өзгерістер енгізілмек
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда еліміздегі кейбір заң құжаттарын заман талабына сай ету жұмысы қолға алынып отыр.
Осыған орай, Заң жобасы шеңберінде Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне, сондай-ақ, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Ішкі істер органдары туралы», Заңды тұлғаларды тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізілуде. Бұл туралы Сот актілерін орындау комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының атқару өндірісін жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріндегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою, сонымен қатар, сот орындаушылары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында олардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелеріне бағытталған.
Атап айтқанда, заң жобасымен атқару құжаттарына, жеке сот орындаушыларының қызмет ақысын төлеу мөлшерлемесін төмендету - регрессивті пайыздық төлем шкаласын енгізу жолымен қайта қарау, қарыздарын өтеуден жалтарған борышкерлерге сот актісін орындамағаны үшін 0,1 пайызы көлемінде өсімақы қосылатыны, сот орындаушылар атқару өндірісін орындау барысында бейнекамералар мен фототүсірілімдерді пайдалануы қарастырылған.
Сонымен бірге, заң жобасында, борышкерлерге заңды тұлғаларды тіркеу, жылжитын және жылжымайтын мүлікті тіркеу және т.б. сияқты мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тарту, борышкерлердің сот шешімін өз еркімен орындау уақыты алынып тасталуы, жалпы алимент өндірісі орташа жалақы көлемінде өндірілетіні сияқты өзгертулер көзделген.
Заң жобасына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер сот орындаушылар жұмысының ілгері жылжуына, дамуына өз септігін тигізеді.