Атқарушылық құжатты орындамаған борышкерге қандай жаза қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM — Сот актілері мен өзге де атқарушылық құжаттарды орындау міндетті. Атқарушылық іс жүргізудің қозғалу фактісінің өзі борышкерге заңда және сот орындаушысы белгілеген мерзімде атқарушылық құжат талаптарын орындау міндетін жүктейді.
Бұл туралы «Аумақтық әкімшілік тәжірибе бөлімі» филиалының аға сот орындаушысы Дәурен Онласын Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында айтты.
Оның айтуынша, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 125-бабына сәйкес, атқарушылық құжатты орындамаған борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
— Бұл ретте жауапкершілікке тарту борышкерді атқарушылық құжатты орындау міндетінен босатпайды, яғни жауапкершілік атқарушылық құжатты орындауды алмастырмайды, керісінше борышкерге ықпал етудің қосымша шарасы саналады, — деді ол.
Оның айтуынша, негізгі норма Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы. Ол сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындамағаны үшін жауапкершілікті көздейді.
— Егер адамның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, сот актісін немесе атқарушылық құжатты орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қарастырылған, — деді ол.
Сонымен қатар лауазымды тұлғаларға — 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Сонымен қатар атқарушылық құжатты ұзақ уақыт бойы орындамау қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғуы мүмкін.
ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Мұндай әрекет үшін 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот орындаушының айтуынша, борышкерге қолданылатын әкімшілік немесе қылмыстық шаралар негізгі міндетті атқарушылық құжатта көрсетілген талаптарды орындауды жоймайды.
Айта кетейік, осыған дейін Алматыда жеке сот орындаушысы заң бұзғаны үшін лицензиясынан айырылғанын жаздық.